Жол апатына ұшыраған баянауылдық оқушылар шахматтан облыс чемпиондары атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан бірнеше күн бұрын жол апатына ұшыраған Баянауыл ауданының оқушылары шахматтан облыстық турнирде топ жарды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының білім беру басқармасы атап өткендей, баянауылдықтар осымен 12-ші мәрте чемпион атағын алып отыр. - Үш күнге созылған додада аудандар арасында Баянауыл ауданының оқушылары алға шықты. Екінші орынды - Ақтоғай ауданының, үшінші орынды Ертіс ауданының оқушылары иеленді. Қалалар арасында Павлодар қаласы көшбасшы атанса, екібастұздық оқушылар екінші орынға лайық деп танылды. Ақсулықтар үшінші орынды қанағат тұтты. Жарысқа 70-ке тарта шахматшы қатысты, - деді білім басқармасында.

 Еске сала кетер жайт, «Астана-Павлодар» тас жолында Қалқаман ауылының маңында жол апаты орын алған болатын. 18 оқушы отырған мектеп автобусын Баянауыл аудандық ішкі істер бөлімінің екі қызметкері «Лада Гранта» көлігімен ертіп келе жатқан сәтте кенеттен қарсы жолаққа жүк көлігі шығып кетіп, оқыс жағдай орын алған еді. Полицейлер өз машиналарымен көлденеңдей тұрып, апаттың алдын алды. Қызметкерлердің бірі Мұрат Нұрсейітов ауыр жарақаттармен ауруханаға түскен. Тағы бір тәртіп сақшысы Баянбек Жүнісов ауруханаға жатудан бас тартты. Оқушылар зардап шеккен жоқ.