Жол апатында аяғынан айрылған Екатеринаға Германияда ота жасалды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жол апаты кесірінен екі аяғынан айрылған Екатерина Парафиеваға Германияда ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ол Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.

«Достар ота сәтті өтті. Сол тіземнің астыңғы бөлігін алып тастауға тура келді. Жарайды, ештеңе етпейді, қайтсем де аяғымнан тік тұруым керек! Қолдау көрсеткендеріңізге алғыс айтамын. Шетелде емделуіме мүмкіндік бергендеріңіз үшін көп рахмет», - деді Е.Парафиева.

Еске сала кетейік, Е. Парафиева 16 маусымда Алматы қаласындағы  әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан зардап шеккен болатын. Honda CRV көлігін тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып, көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry машинасын автобус соққан. Қатты соққыдан Toyota Camry көлігінің артқы бөлігі ұшып келіп Honda CRV көлігіне тиген. Салдарынан қыздар ортада қысылып қалып, біреуі екі аяғынан айырылған болатын.
Катя белгілі ерікті, жаттықтырушы Кира Ударцеваның көмегімен оңалту шараларынан өтті. Енді ол арнайы жаттығулардың арқасында протез киюге дайындалмақ. Келіншек қайырымдылық шараларына, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуды бастады.

Қайырымды қазақстандықтар Екатеринаның емделуіне 17 млн теңге жинап берген болатын.

Соңғы жаңалықтар