Жол бойындағы қызмет көрсету нысандары құрылысына әкімдер назар аударған жөн - Ә. Исекешев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының құрылысына облыстар назар аудару керектігін айтты.

«Бүгінде үш санат бойынша жіктелетін жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының стандарттары бекітілді. Осылайша, стандарттарға сәйкес,  әр 50 шақырым сайын үшінші санаттағы нысан салыну керек, әр 200 км сайын екінші санатты, сондай-ақ туристік немесе тарихи жерлерде бірінші санатты нысандар орналасуы тиіс. Онда бірнеше күнге тоқтау үшін пайдаланушыларға жағдай жасалатын болады»,-деді Ә. Исекешев.

Белгілі болғандай, 2014 және 2015 жылдары жол бойындағы қызмет көрсету нысандарына және оның қызметтерінің ұлттық стандарттарына сәйкес, 28 қызмет көрсету нысандары пайдалануға берілді.

«Бізге 200-ге тарта нысан салу қажет. Сондықтан облыс әкімдерінің назарын  жол бойында сапалы қызмет көрсету орындарын қамтамасыз ету мәселесіне аударғым келеді. Кейбір өңірде бұл жұмыстар белсенді жүргізіліп отырған жоқ»,-деді Ә. Исекешев.