Жол ережесін 34 рет бұзған семейліктің айыппұлы 1,2 млн теңгеден асты

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында 34 рет жол ережесін бұзған көлік жүргізушінің айыппұлы 1,2 млн теңгеден асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары 7 маусымнан бастап «Борышкер» жедел-алдын алу шарасын жүргізген. Ай соңына дейін жалғасқан шараның мақсаты – халықты салынған әкімшілік айыппұлдарды уақтылы өтеу қажеттігі туралы хабардар ету.

«Соның нәтижесінде, мемлекет бюджетіне 3689 әкімшілік іс бойынша 40,7 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұлдар өндірілді. Мамандандырылған тұрақтарға өтелмеген айыппұлдар үшін борышкерлердің 247 көлігі орналастырылды. 5128 адам әкімшілік айыппұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабардар етілді», - делінген ақпаратта.

Мәселен, Семейде «Сергек қорғау» қосымшасының көмегімен патрульдік полиция қызметкерлері шетелдік есепте тұрған «Subaru» маркалы көлікті тоқтатты. Оның жүргізушісі жол ережесін 34 рет бұзып, 1 241 000 теңге сомасындағы айыппұлды төлемей жүрген. Құқық бұзушының көлігі айыппұлдар толық өтелгенге дейін мамандандырылған тұраққа орналастырылды.