Жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлеуден жалтарып жүрген 104 жүргізушіге ескерту жарияланды - Алматы

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлеуден жалтарып жүрген жүргізушілерді анықтау үшін рейд басталды. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады. Жұмыс тобының құрамына әкімшілік полициядан бөлек прокуратура, мемлекеттік кіріс департаменті, Алматы облысының құқық қорғау органдарының өкілдері кірген.

«Поток» автоматтандырылған анықтау кешенімен қаруланған Әкімшілік полиция басқармасының өкілдері қазір қаланың шекараларында жүр.

Бұл құрал көлік ағыны арасынан «берешегі бар» көлік иелерін анықтауға арналған.

«Рейд барысында айыппұл төлеуден жалтарып жүргендер, жалған нөмірмен, болмаса мемлекеттік нөмірсіз көлік айдап жүргендерді анықтап жатырмыз. Жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жаднаманы алған жүргізушілер 30 күн ішінде айыппұлды төлеуге тиіс», - деді қалалық ІІД басқармасы басшысының орынбасары Жандос Мұраталиев.

Рейд басталғалы бергі 2 күн ішінде 104 жүргізушіге хабарлама берілді.

Жандос Мұраталиевтің айтуынша, құзырлы органдар (сот) дер кезінде берешегінен құтылмаған тұлғаның жұмысына жұмыскердің жалақысынан, шәкіртақысынан, зейнетақысынан белгілі бір көлемде қаржы ұстап қалу туралы қаулы жібереді. Сол арқылы қарыз мемлекет қазынасына мәжбүрлі түрде қайтарылады.

Соңғы жаңалықтар