Жол ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлды онлайн режімде тексеруге болады - Астана

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ереже бұзуға байланысты қолданылатын айыппұлдарды уақытында төлеу қағидасын қалыптастыру мақсатында қала әкімдігінің қолдауымен республикада тұңғыш рет «Тіршілік әрекетін кешенді қамтамасыз ету жүйесі» атты жаңа технология енгізіліп отыр, деп хабарлады «Астана ақшамы» басылымы.

Енді көлікке жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін салынған айыппұлдарды smart.astana.kz сайтында онлайн режимде тексеруге болады. Тиісті ақпаратты алу үшін автомобильдің және техникалық төлқұжаттың нөмірін енгізу керек. Жаңа қызмет Астана қаласының әлемнің дамыған отыз «smart» қала¬сының қатарына енуі жөніндегі шаралар аясында ұсынылып отыр. Енді бір уақытта бірнеше жол ережесін бұзу жағдайларын (жылдамдықты арттыру, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне жүру және белгіден асып тоқтау) автоматты фото және бейнетіркеу жүйесі арқылы анықтауға болады. Бүгінде бейнебақылау камералары қаланың көлік ағыны үлкен қиылыс¬та-рында орнатылған. Құрылғылар жолдың кез келген бөлігіндегі ереже бұзушылық көріністерін ұдайы бақылап тұрады.