Жол ережесін жиі бұзатындарға айыппұл төлеуде 50% жеңілдікті алып тастау керек – сенатор

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Айыппұл жол жүрісі қағидаларының жиі бұзылмауына кепілдік бере алмайды. Сенатор Марат Қожаев өзінің депутаттық сауалында айыппұл арқылы ережені қайта бұзумен күрес мүмкін еместігін айта келіп, соңғы кезде жол ережесін бұзу деректері көбейе түскенін атап өтті. 

- Техникалық құралдар («Сергек» жүйесі) Жол жүрісі қағидаларын бұзудың негізгі бөлігін автоматты түрде тіркейді. Ережені жүйелі түрде бұзудың алдын алуға қолданыстағы құқық қолдану тәжірибесі мүмкіндік бермейді. Өйткені техникалық құралдар арқылы автоматты түрде тіркеген жүргізушіні ережені қайта бұзғаны үшін жауапқа тарту мүмкін емес. Себебі, көлік құралының иесіне ереже бұзудың тарихы ескерілмей айыппұл жазылады. Сондай-ақ, жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде елемейтін, жол тәртібін қасақана бұзушыларға Жол жүрісі қағидалары бойынша емтиханды қайта тапсыруды міндеттеу мүмкін емес. Сонымен қатар, техникалық құралдар ережені бұзу дерегін ғана тіркейді, бірақ жүргізушінің дайындық деңгейін және оның жол ережесін өрескел бұзу мен қауіпті әрекетке бейімділігін бағалауға мүмкіндік бермейді, - деді Марат Қожаев Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Сенатор кейбір қалталы жүргізушілер айыппұлды жауапкершіліктен қашудың тетігі ретінде қарайтынын атап өтті. Мәселен, Алматыда көлік құралының бір жүргізушісі бір жылда 3 млн теңгеден астам сомада айыппұл төлеп, 143 рет ереже бұзғаны анықталған.

Депутат алдын алу жұмысын күшейту үшін мұндай жүргізушілерді сынақты қайта тапсыруға жіберуді, сондай-ақ қажет болған жағдайда оларды жүргізуші куәлігінен айыруды ұсынды.

- Әсіресе, техникалық құралдар тіркеген ереже бұзу дерегі бойынша жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту мәселесін қарауды ұсынамыз. ӘҚБтК-дегі өзгерістерде техникалық құралдар тіркеген 10 және одан да көп ереже бұзу дерегі бар жүргізушілерді Жол жүрісі қағидалары бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберуді міндетті ету маңызды. Камералар тіркеген жол қозғалысы ережесін қайталап бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту қажет, яғни жүргізуші куәлігінен уақытша айыруға дейін жазалануы керек. Заң талабын бұзатындарға белгілі бір кезеңдегі тәртіп бұзу санын ескеретін сараланған жаза тетігін әзірлеу және ережені жүйелі түрде бұзатындарға айыппұл төлеуде 50% жеңілдікті алып тастау маңызды, - деді депутат.

Бұған дейін Қарағанды облысында 65 жыл такси қызметін көрсетіп келген 83 жастағы қария бірде бір рет жол ережесін бұзбағанын жазған едік.