Жол инфрақұрылымын сақтау үшін жаңа технологиялар енгізілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Республикалық автожолдардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жолдар бойына 46 автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылды, оның 24-і 2025 жылы іске қосылды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» компаниясы мәлімдеді.

Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰК.

Соның нәтижесінде олардың саны бір жылда екі есеге өсті.

— Бұл жүйелер көлік құралдарының салмағы, габариті, нөмірі мен басқа да параметрлерін автоматты түрде тіркеп, деректерді уәкілетті органдарға жолдайды. 2028 жылға дейін мұндай станциялар саны 126-ға дейін жеткізіледі. Бұл шаралар жол инфрақұрылымын сақтауға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, биыл 9 мың шақырымға жуық автожол жөнделеді.  Оның ішінде 3400 шақырымда құрылыс жəне қайта жаңарту жобалары, 324 шақырымда – күрделі жөндеу және 5200 шақырымда – орташа жөндеу жасалады. Сондай-ақ апаттық қауіпті жағдайда тұрған 53 көпірдің жөндеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек.