Жол инфрақұрылымын дамыту экономикаға тың серпін береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жібек жолын жаңғырту 2011 жылы Мемлекет басшысы алға қой­ған Қазақстанның «мүмкіндіктер терезесін» ашу арқылы, жаһандық күр­делі үдерістер нәтижесінде пайда бол­ған, әлемдік өндірістік географиялық өзгерістер және қосым­ша құн салығы салынған тауарлар үле­сі­нің тұтыну құрылымында артуы­на берілген жауап ретіндегі стра­те­гия­лық тапсырма болып табылады.

Қытайдың батыс және орта­лық аймақтарының жылдам дамуы, олардың шығаратын тауар­лары­ның үштен бірі сұранысқа қажет­ті жоғары технологиялық өнім­дер екен­дігі белгілі. Сондық­тан да оны Қазақстан аумағымен транс­құр­лықтық құрғақ жол арқылы жеткізу оңтайлы әрі жылдам, яғни Қытай­дың шы­ғыс жағалауындағы порт­тардың қашықтығымен салыс­тыр­­ған­да, теңіз жолдарына қараған­да жет­кізу мерзімі үш есеге азаяды. Соны­­мен қатар, жиілігі де артады.

Инфрақұрылымдық инвес­тициялар тікелей және жанама түрдегі мультипликативтік тиім­ділікке жеткізіп, еліміздің ұзақ мерзімдік дамуын қам­тамасыз етуде маңызды рөл ат­қарады. Экономикалық сарапшылар көліктік инфрақұрылымды капиталды тиімді пайдаланудың үш маңызды факторының бірі деп есептейді. Германия кәсіп­орындарының 56%-ын өндірісті инвестициялауда шешім қабылдау мәселесі бойынша аймақаралық көлік түрлерін дамытуды 15 фак­тордың ішін­дегі 3-ші орынға шығарып отыр.

Қазақстанның көліктік-ло­гистикалық саласына инвестиция тарту мен инфрақұрылымдағы ауқымды жаңғырту жұмыстары ел экономикасының мульти- п­ликативтік тиімділігіне жеткізіп қана қоймайды. Сонымен қа­тар, Еуразия құрлығындағы көлік бағдарларының архитектурасын өзгертеді. Қазақстан аума­ғы арқы­лы өтетін жүктердің жа­һандық логистикалық тізбегі бағдарын түбегейлі қайта құруды қамтамасыз етеді.

Соңғы алты жылда Шығыс - Батыс, Солтүстік - Оңтүстік халық­аралық көлік дәліздерін оң­тайландырып, жақындата түсетін 1700 шақырым жаңа жол салынды. Пайдалануға берілген Жезқазған - Бейнеу және Арқалық - Шұбаркөл жаңа теміржол желісі арқылы алғашқы 22 айда 15,7 миллион тонна жүк өткізілді. Бұл жол арқылы белгіленген жобалау экономикалық-техникалық құжаттарға сәйкес, алғашқы бес жылда 12 мың жүк пойызы өткізілуі тиіс болса, қазірдің өзінде 8 мың жүк пойызы өткізілді. Бүгінгі таңда маңызды транзиттік желінің өткізу қабілетін арттыру үшін 111 шақырымдық Ал­маты - Шу екінші теміржол телімі құрылысы жүргізіліп, элек­тр­лендірілуде.

«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында ауқымды «Орталық - Оңтүстік», «Орталық - Шығыс», «Ор­талық - Батыс», «Астана - Петропавл» автожол жобалары жүзеге асырылуда. Биылғы жылы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» трансқұрлықтық авто­магистралының 2787 шақырымдық қазақстандық бөлігі ашылатын болады. 2020 жылдарға дейін жалпы ұзындығы 7 мың шақырымдық автожолды қайта жөндеуден өткізу жоспарлануда. Қазақстан аумағы мен одан сырт елдерде де Еуразия құрлығындағы жүк ағынын шоғырландырып, дистрибуциялық қызмет жөніндегі логистикалық орталықтарының тірек желілері салынуда. Өткен жылы компания серіктестерімен бірлесіп Астана қаласында Орталық Азиядағы ең ірі «А» сыныбындағы көліктік-логистикалық орталық тұрғызды. Ол бүгінгі таңда қызмет көрсете бастады. Биылғы жылдың 4-ші тоқсанында осындай орталықты Шымкент қаласында пайдалануға беру жоспарланған. Қытайда, Ор­талық Азияда, Кавказда, Түр­кияда, Парсы шығанағы ел­дері мен Еуропада жүк ағын­дарын шоғырландыру және дис­трибуциялық орталықтардың сыртқы терминалдық желілері салынуда.

Қазіргі кезде компанияның Қытайдың шығыс жағалауындағы Ляньюньган портында тер­ми­налдық инфра­құрылымы жұ­мыс істейді. Терминалдың қуат­тылығын одан әрі дамыту үшін, Лянь­юньган порты маңындағы ШЫҰ ло­гистикалық аймағында 450 гектар жерде дайындық жұ­мыстары жүргізілуде. Оның құрылысы аяқталған соң 2020 жылы 2,2 млн. ЖФЭ көлеміндегі жүкті шоғырландыруға қол жеткі­зіледі.

Қазіргі таңда, Қазақ­­станның кедендік тазалау үде­рісі тиімділігінің (шекаралық) рейтингі 35 деңгейге жақсарды. Көліктік инфрақұрылым көрсеткіш нәтижесінің рейтингі жақсарып 41 орынға көтерілді. Компанияның тапсырыс берушіге қолайлы жағдай көрсету мен тасымалдауды ұйымдастыру үдерісі де өрге басты. Бәсекелестікке сай бағамен халықаралық тасымалдауды тұрақты бақылап отыру мүмкіндігі жасалды. Осындай шараларды атқару арқылы Қазақстанның логистикалық тиімділік индексі жаңа деңгейге көтерілді. Нәти­жесінде Қазақстанның аймақтағы логистикалық және іскерлік хаб ретінде қалыптасуына ықпал етті. Сонымен қатар, инвестициялық ахуалы жақсарды. Ендігі мақсат 2020 жылы елімізді әлемдегі үздік логистикалық ахуалы орнықты 40 мемлекеттің қатарына қосу болып табылады.