«Жол картасы» аясында 258 мың жұмыс орны құрылды

АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қыркүйектің 11-індегі жағдай бойынша «Жол картасы» аясында 258 мың жұмыс орны құрылды.

 Бұл жайында бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Бұған мемлекеттік сатып алу бойынша үнемделген қаржыны тиімді пайдалану мен өңірлерді 5 миллиард теңге сомасында қосымша қолдау есебінен қол жеткізілді», -деді министр.

 Оның айтуынша, құрылған жұмыс орындарына 240 мың адам жұмысқа орналастырылған (бұл жалпы құрылған жұмыс орындарының 93 пайызы).

«Жоспарланғандай, жұмыс орындарына негізінде «Жол картасымен» көзделген санаттағы адамдар қабылданды. Еңбекпен қамтылғандардың 72 пайыздан астамы немесе 174 мың адам жұмыспен қамту органдарының жолдамасы бойынша орналасты»,-деді министр.

 Жөндеу жұмыстарына тартылған жандардың орташа жалақысы 29,3 мың теңгені құрады. Орташа жалақының жоғары мөлшері Алматыда (39,9 мың теңге), Астанада (35,7 мың теңге), сондай-ақ Қарағанды облысында (36,9 мың теңге) байқалып отыр.

Г. Әбдіқалықованың сөзіне қарағанда, дағдарыс жағдайында 2,5 мыңнан астам компания мемлекеттік тапсырыс алған.