«Жол картасы» бойынша кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерінде түрлі саладағы 414 курс ашылды - Е.Ырсалиев

АНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жұмыстан босап қалған азаматтарды қайта мамандандыру бойынша республикадағы 297 кәсіптік-техникалық білім беру мекемесінде 414 қысқа мерзімді курс жұмыс істейді.


 Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінде өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Серік Ырсалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 С.Ырсалиевтің атап көрсеткеніндей, дағдарысқа қарсы шаралар шеңберіндегі «Жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінген 10 миллиард теңгеге, бұрынғы жұмыс орындарынан шығып қалған 100 мың адам қайта даярлықтан өткізілетін болады.

 «Қазіргі күні ел бойынша халықты қайта оқыту курстары ұйымдастырылды. Кәсіптік және техникалық білім беретін 297 мекемеде түрлі саладағы 414 курстар ашылды. Сөйтіп, біліммен 48 мың 419 адам қамтылды. Бүгінгі күні 39 мыңнан астам адам білім алып жатса, 9 мың 838 адам оқуларын тәмамдады. Оның 6 мың 674-ы жұмысқа орналастырылды», - деді ол.

 Жұмыссыз қалғандардың ең көбі Атырау (6316 адам), Шығыс Қазақстан (5 мыңнан астам), Ақтөбе (5 мыңға жуық), Жамбыл (4 мыңнан жоғары) және Алматы (4 мыңнан көп) облыстарында оқиды. Министрліктің өкілі олардың дені электр және газбен дәнекерлеуші, әрлеуші, ағаш шебері және осы сынды басқа да техникалық мамандықтарды игеріп жатқанын айтты.