«Жол картасы» бойынша жұмыс істейтін нақты мемлекеттік органды анықтау қажет ? С.Ахметов

АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінде бізге «Жол картасы» бойынша атқарылған жұмысты реттейтін нақты бір мемлекеттік органды анықтап алу қажет. Бүгін Үкімет үйінде өткен селекторлық кеңесте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметов осындай ұсыныс жасады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазіргі уақытта еліміздің жол-көлік және әлеуметтік нысандар инфроқұрылымын қайта жөндеу және жаңартумен айналысатын нақты мемлекеттік орган жоқ. Сондықтан осы мәселе бойынша үйлестіру жұмысын атқаратын мекемені бекітіп алу қажет. Меніңше, бұл іспен ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Тұрғын-үй шаруашылығы жөніндегі комитет айналысуы тиіс», - деді С.Ахметов. Вице-премьердің бұл ұсынысына қолдау білдірген Үкімет басшысы: «Бүгінде біз осы мәселе бойынша баяу жұмыс істеп келеміз. Алдағы жылы ауа райын тиімді пайдаланып, біз «Жол картасы» бойынша қарастырылған іс-шараларды ойдағыдай атқаруымыз қажет. Бұл жұмысқа атүсті қарауға болмайды. Осы мәселе бойынша бөлек селекторлық кеңес өткізу қажет», - деп атап көрсетті К.Мәсімов.