Республикалық маңызы бар жол тораптары күрделі жөндеуден өтіп, жер-жерде жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Осының арқасында мемлекет қамқорлығында болған әлеуметтік топтағы азаматтардың басым бөлігі жаңа кәсіпті меңгеруге мүмкіндік алып, таңдаған мамандықтары бойынша жұмыс істеп, ел қатарына қосылып отыр. Еліміздің бас қаласы - Астана да одан тыс қалған жоқ.
Биыл «Жол картасы» мемлекеттік жобасы аясында Астанадағы әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізіп, осының арқасында халықты жұмыспен қамту үшін республикалық бюджеттен 5,4 млрд. және жергілікті бюджеттерден 2,7 млрд., барлығы 8,1 млрд. теңге бөлінді. Өткен жылы бұл мақсаттарға 100 млн. теңге шығарылған болатын. Астана қаласы әкімінің орынбасары Әмірхан Рахымжановтың сөзіне қарағанда, биыл «Жол картасы» аясында бөлінген қаржы елорданың барлық әлеуметтік кешенін жөндеуге мүмкіндік туғызды. Осының арқасында 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
«Жол картасы» жобасы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан әлеуметтік нысандардың бірі - Астана қаласындағы «Перинаталдық орталық» мемлекеттік мекемесі. Орталық ғимаратын толығымен өзгертіп, бүгінгі заманға сай медициналық нысанға айналдыру жоспарланып отыр - үлкен палаталар жеке бөлмелерге бөлінеді, лифтер және қабылдау бөлімдері жаңартылады.
Астана қаласы Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқармасының бастығы Алма Алтынбаеваның айтуынша, «Жол картасы» аясында бөлінген қаржыны тиімді пайдалану арқылы астаналықтарды жұмыспен қамтуды кеңейту көзделген. Құрылыс нысанының бас мердігері - «Астана-трансстрой» ЖШС прорабы Марат Молдабаев атап көрсеткендей, орталықты жөндеу барысында күн сайын 6-7 адам жұмысқа алынады. Қазіргі кезде бұл жерде 250-300 адам жұмыс істеуде. «Жұмысшылардың жалақысы 70 мыңнан жоғары. Бүгінде ешбір қиындық жоқ. Бір-ақ мәселе бар, қысқа дейін құрылыс нысанын тапсыру қажет», - дейді ол.
Бүгінде Астанада осы санаттағы құрылыс нысандарының ішінде балаларға арналған психоневрологиялық әлеуметтік-медициналық мекемесі, Балалар үйі және тағы басқалар бар.
Жалпы, Астанада «Жол картасының» негізгі үш бағыты: тұрғын-үй-комуналдық шаруашылық жүйелерін жөндеу, автокөлік жолдарын жаңарту және мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандарды қайта жөндеу бойынша 114 жобаны іске асыру көзделген.
Бүгінгі қаржы дағдарысы болжаған жұмыссыздықты алдын алу мақсатында астаналықтарды жұмыспен қамту үшін орталық және жергілікті бюджеттерде 10 млрд. 55 млн. теңге қарастырылған. Осы қаражаттың арқасында жыл басынан арнайы өндірістік іс-тәжірибелер мен қайта даярлау курстарынан өткен 4 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Олардың 1 619 -ы қаланың инженерлік жүйлерін жөндеуге жұмылдырылып отыр. Бүгінде осы мақсаттарға 2 676,6 млн. теңге қарастырылып, одан бөлінген 1 285 млн. теңгенің 86,4 пайызы игерілді. Бұған дейін еңбек биржасының тіркеуінде тұрған 1 708 азамат бүгінде елорданың әлеуметтік нысандарындағы қысқа дайындық жұмыстарын атқаруда. Аталған жұмыстарға қарастырылған 1 818,4 млн. теңгенің 1 465,8 млн. теңгесі бөлінді. Оның 91,4 пайызы игерілді. Сондай-ақ қаладағы су құбырларын аяз өткізбейтін материалмен қаптау жұмыстарына 1 118 астаналық азамат тартылды. Бөлінген 1 996 млн. теңгенің 84,1 пайызы игерілді. Бұл жұмыстарға барлығы 3 836,3 млн. тенге қарастырылып отыр.
Астана қаласы Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқармасының мәліметіне сәйкес, осы уақытқа дейін елордадағы 108 жұмыс берушілермен арнайы келісімшарттар жасалды. Мәселен, бұл келісімшарттар аясында 1 316 адам қала аумағындағы абаттандыру жұмыстарын атқаруда. Оларға 27 мың теңге көлеміндегі жалақы белгіленген. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 150,5 млн. теңге бөлінді. Қазіргі кезде бұл қаржының 76,4 пайызы игерілген.
Сонымен қатар Астанадағы «Жол картасы» аясында кәсіби даярлау және біліктілікті көтеру курстары ұйымдастырылып келеді. Бүгінде жұмыссыз қалған 900 азаматты кәсіби маман ретінде даярлап шығару мақсатында 32,8 млн. теңге бөлінді. Елордадағы 14 кәсіби білім беру орындарында қайта даярлау және кәсіби біліктілікті көтеру курстары аясында 80 мамандық бойынша білім берілуде. Осы уақытқа дейін аталған курстардан 732 адам өтті. Ал жоғары оқу орындарын тәмамдап шыққан студент-жастарды ірі өнеркәсіп орындарында өндірістік іс-тәжірибеден өткізу арқылы олардың кәсіби біліктіліктерін көтеріп қана қоймай, нағыз маман ретінде қалыптасуларына жағдай жасалды. Бірлесіп қаржыландыруды көздейтін бұл бағытта жергілікті бюджет 3,760 млн. теңге бөліп отыр. Қазіргі кезде осы өндірістік іс-тәжірибелерден 104 жас маман өтуде.
Астанада әлеуметтік топтағы азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылып келеді. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар - балалар үйінің түлектері, ата-анасыз қалған жастар, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру басты мәселе ретінде қаралуда. Бүгінде Астана қаласы Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқармасы осы санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша қаладағы 26 ұйым және кәсіпорынмен келісім-шарт жасасып, 115 азаматтың қалаған мамандықтары бойынша қызмет етулеріне мүмкіндік берді. Оған қоса, Астана қаласындағы әлеуметтік топтағы 2 256 адамды жұмыспен қамту мақсатында 211,4 млн. теңге бөлінді.
Сонымен, еліміздің ордасы - Астана қаласында бүгінгі қаржы дағдарысына қарамастан, жұмыссыздар санының өсуіне байланысты болжамдар іске асқан жоқ. Жыл басында сарапшылар елордада 16,5 мың жұмыссыз болады деп мәлімдеме жасаған болатын. Қазіргі кезде олардың саны 1,3 мың адамды ғана құрап отыр. Бұл «Жол картасы» мемлекеттік жобасының нақты нәтижесі болса керек.