АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Осы жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша Жол картасы жобаларын іске асыру барысында елімізде 129 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Бұл туралы бүгін 2010 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысына арналған Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті.
«Жол картасы жобаларын іске асыру кезінде елімізде ағымдағы жылы шамамен 133 мың жұмыс орны құрылып, оларға 129 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Бұл құрылған жұмыс орындарының 96,6 пайызына тең», - деді министр.
Министрдің атап өтуінше, бұл орайда шамамен 89 мың адам немесе жұмысқа орналасқандардың 70 пайызы жұмыспен қамту органдарының жолдауы бойынша орналасқан. Оның 17 мыңы атаулы әлеуметтік көмек алатын, тұрмысы төмен отбасы мүшелері.
Жол картасы жобаларында жұмыс істейтін қызметкерлердің орташа жалақысы 35 мың теңгені құрайды.
Марлан Жиембай
Абай облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. 2005 жылдан бері "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істейді.