Ол бұл пікірін Үкіметтің бүгінгі селекторлық кеңесінде білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Барлық өңірлерде «Жол картасы» бойынша қажетті конкурстық құжаттарды дайындау және мемлекеттік сатып алулар бойынша конкурстар өткізу жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Бұнда өткен жылы жіберілген кемшіліктерге жол бермеу қажеттігін айтқым келеді. 2009 жылдың ішінде жүргізілген қадағалау шараларының нәтижесінде, заңнаманы сақтамаған 325 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 54 лауазымды тұлғаны қаржылық бақылау органдары сомасы 7,7 млн. теңге болатын әкімшілік жауапкершілікке тартты. 212 нысан бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді», деді селекторлық кеңесте Г. Әбдіхалықова.
Оның сөзіне қарағанда, өткен жылдың тәжірибесін ескеріп, ағымдағы жылы мыналарға баса назар аударған жөн. Ең алдымен, конкурстарды өткізу кезінде қазақстандық қамтуға жеткілікті көңіл бөлу керек. Екіншіден, «Жол картасы» аясындағы жобалар бойынша мемлекеттік сатып алулар процедурасын жүргізу кезінде тұрақты жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар компанияларға басымдық беру қажет. Үшіншіден, әлеуметтік жұмыс орындарын құру және жастар тәжірибесін өткізу үшін сұрыптау және ұйымдастыру кезінде келешекте тұрақты еңбекпен қамту мүмкіндігі бар жұмыс берушілерге артықшылық беру керек. Төртіншіден, кадрларды қайта даярлауды оқып жатқандарды келешекте жұмысқа барынша көптеп орналастыруға бағдарлау қажет. Бесіншіден, жергілікті еңбекпен қамту органдары азаматтарды «Жол картасы» жобасына бағыттау кезінде кәсіпорындарда қысқарып қалғандармен қоса, атаулы әлеуметтік көмекті алушыларды және аз қамтылған азаматтарды еңбекпен қамтуды басымды тәртіпте қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, бөлінген қаржының мақсатты және тиімді пайдаланылуына қадағалау жөніндегі жұмысты жүйелендіру керек.