«Жол картасына» бюджеттен бөлінген қаржыны толық игере алмаған өңірлерден игерілмеген ақшаны қайтарып алу қажет - С. Ахметов

АНА. Маусымның 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметов бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша, «Жол картасы» аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны толық игере алмаған өңірлерден қажетке жаратылмаған ақшаны қайтарып алу жөнінде ұсыныс жасады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мен жарты жылдықтың қорытындысы бойынша «Жол картасы» аясындағы жұмыстарға бөлінген қаржыны толық игермеген өңірлердегі ақшаны қайтарып алып, оны игеріп жатқан өңірлерге беру қажет деп есептеймін. Бұл «Жол картасы» бойынша жұмысты ынталандыру үшін қолдануға болатын бірден-бір шара», - деді С. Ахметов. Дейтұрғанмен Вице-премьер еліміздің көптеген аймақтары «Жол картасы» аясында бөлінген қаржыны ұқсатып жатқанын атап өтті. «Жергілікті атқарушы органдарға мұндай қаржы бірінші рет бөлініп отыр. «Жол картасын» жүзеге асыруда көптеген өңірлерде жақсы жұмыс жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарына, абаттандыруға бөлінген қаржы нәтижесін беріп отырғаны өңірлерге шыққанда байқалады», деді С. Ахметов.