«Жол картасына» сәйкес Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония қайта түлемек

Фото: None
Л. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - «Жол картасына» сәйкес Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы қайта түлемек,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Филармония директоры Мақсот Омарғалиевтің айтуынша, қазір аталмыш өнер ордасы орналасқан тарихи Карев үйі күрделі жөнделу үстінде. Бұрынғы екі үлкен дүкен аумағы толығымен филармонияның «көршісі» Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханаға беріліп, мұнда абонент бөлімі, кітап сақтау қоймасы және басқа қосалқы бөлмелер орналасады. 280 шаршы метр жерасты орны да кітап сақтауға арналмақ. Бірінші қабаттағы бұрынғы кітап сақтау қоймасы дайындық залы ретінде облыстық филармонияның еншісіне көшеді. Бірінші қабатта сондай-ақ камералық музыка концертіне арналған зал орын теуіп, қажетті жабдық-жиһаздармен жасақталады. Ал абонент бөлімінің үлкен бөлмелерінің бірі «Назерке» ансамблінің балет сыныбына айналады.

Жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына қарамастан, филармония ұжымы жаңа концерттік маусымға қызу әзірленуде. Қырымгерей Қажымов жетекшілік ететін Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен «Назерке» ансамблі тың туындылармен жұмыс істеуде. Филармония солистері Салтанат Мұратбекова мен Жұлдызбек Өтешқалиев арнайы грантпен Италиядан оқып келді.

Филармония әртістері Конституция күніне арналған мерекелік бағдарламаға, одан кейін қыркүйектің 10-11-інде Қаратөбеде өтетін атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жылдық мерейтойына, қыркүйектің 19-ында қала күніне, басқа да мәдени шараларға белсене қатыспақ.

Соңғы жаңалықтар