Бұл іске асырылып жатқан барлық нысандардың 55 пайызын құрайды. Осы жайында бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қысқы жылу беру маусымы алдында жылумен, электрмен, газбен қамтамасыз ету нысандарына қатысты жөндеу жұмыстары аяқталды. «11 нысан бойынша сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапты. Қалалардағы көше, саябақтарды абаттандыруға байланысты 42 жоба аяқталды», деді министр.
Г. Әбдіқалықованың сөзіне қарағанда, республика аумағында 18 аурухана мен емхана, 27 отбасылық дәрігерлік амбулатория, 16 медициналық қосын, сондай-ақ 7 медициналық орталық, 6 диспансер мен 53 басқа да денсаулық сақтау нысандары жөнделді.
Мұнымен қоса, еліміздегі 1 мың 100-ден астам мектеп, 130 кәсіби лицейлер мен колледждерге жөндеу жұмыстары жүргізілді.