Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, түнгі уақытта қаланың негізгі көшелерінде «бөтелке мойны» тәсілімен жолдың жүру бөлігі уақытша тарылтылады. Бұл тәсіл көлік ағынын баяулатып, жүргізушілерді іріктеп тексеруге, оның ішінде мас күйінде көлік басқару деректерін анықтауға мүмкіндік береді.
Осындай бекеттердің бірі өткен демалыс күндері Шығыс айналма автомобиль жолында жұмыс істеді. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында уақытша жол белгілері орнатылды. Оның ішінде жылдамдықты 40-60 км/сағ дейін шектеу, кедергіні айналып өту бағытын көрсету және жолдың тарылуы туралы ескерту бар.
«Стоп – бұзушылықтар» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген 5 күн ішінде Алматы қаласының жолдарында 9 820 құқықбұзушылықтың жолы кесілген. Атап айтқанда:
- 43 жүргізуші мас күйінде ұсталды;
- 78 жүргізушінің көлік басқаруға құқығы жоқ екені анықталды;
- Бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған 12 адам құрықталды;
- Жалған мемлекеттік нөмірлік белгілерді пайдаланудың 14 дерегі әшкереленді;
- Қарсы бағытқа шығудың 36 фактісі тіркелді.
Сонымен қатар 3 666 көлік құралы мамандандырылған айыппұл тұрақтарына қойылған.
– Фильтрациялық бекеттер – жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған заманауи әрі тиімді әдістердің бірі. Жолды жасанды түрде тарылту көлік ағынының жылдамдығын төмендетіп, апаттық жағдай туындатпай жүргізушілерді бақылауға мүмкіндік береді. Әсіресе мас күйінде көлік басқару деректерін анықтауға баса назар аударылады. Бұл – ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі. Нақты нәтижелер бар: бірнеше күннің ішінде ондаған мас жүргізуші ұсталды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, – деді Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Еске салайық, Алматы жолдарына жасырын патрульдер шықты.