Жол-көлік оқиғасында екі адам қаза болды - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 31 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін жергілікті уақыт 03 сағат 27 минут шамасында №7 өрт сөндіру бөлімінің радио байланыс бекетіне Шиелі ауданы, Оқшы ата бейітінің тұсында жол-көлік оқиғасы болғаны жайлы  Қызылорда облысы ТЖД кезекшісіне хабарлама түскен.

Оқиға орнына Шиелі ауданының ТЖ бөлімі бастығының міндетін атқарушы өртке қарсы қызмет майоры Р.Сариев барды.  Оқиға Шиелі ауданы  Оқшы ата тұсында Бәйгеқұм ауылына дейінгі Шиелі кентінен шамамен 30 шақырымда Қызылорда қаласына бағыт алып бара жатқан «Хонда» маркалы жеңіл автокөлігі мен Түркістан қаласына қарай бағыт алып бара жатқан «КамАЗ» маркалы көлікпен соқтығысқан. Нәтижесінде оқиға орнында «Хонда» маркалы автокөлік жүргізушісі Қызылорда қаласы Б.Майлин көшесінің тұрғыны 1959 жылы туылған Қалменова Роза  және Қызылорда қаласы Мерей мөлтек ауданы №5 үй тұрғыны 1956 жылы туылған Елеуішов Әлкебай қаза болған. Осы «Хонда» автокөлігінде болған Мерей мөлтек ауданы №5 үй тұрғыны 1955 жылы туылған Қонақбаева Қалдыгүл Шиелі аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды.  Осы оқиға орнында «Оңтүстік өңірлік аэромобильдік жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің кезекші бөлімшесі құтқарушылары атсалысып, мәйіттерді көліктен шығару және зардап шегушіні ауруханаға жеткізу жұмыстарын атқарды.