Жол-көлік апаты кезінде отбасынан айырылған ақтөбелік әйел сотта ақталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбеде жол-көлік апатына түсіп, кейін қылмыстық қудалауға тап болған жүргізуші әйел сотта ақталып шықты.
Әйтеке би аудандық сотында Қылмыстық кодекстің «Абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан жол қозғалысы қағидаларын бұзу» бабы бойынша іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, 2023 жылдың 21 ақпан күні сағат шамамен 14:00-де сотталушы әйел жолдасы және 3 баласымен Ақтөбе қаласынан Т.Жургенов ауылына бағыт алған. Тергеушілер «Mitsubishi Montero Sport» маркалы автокөлігін айдаған әйел «Самара-Шымкент» тас жолының 921 шақырымында жолдың қарсы бағытына шығып, тіркемесі бар «VOLVO» маркалы жүк көлігімен соқтығысқанын тіркеді. Салдарынан барлық жолаушы, яғни, үш бала мен күйеуі көз жұмды.
«Сотта сотталушы өз бағытымен жүргенін айтты. Ал куәгер болған жанар-жағармай таситын көлік жүргізушісі «VOLVO» жүк көлігінің жүргізушісі өзін басып озып, маневрді аяқтауға үлгермей қалғанын көрсетті. Аталған жағдайды жол-көлік оқиғасының куәгерлері де растады. Сот жол қозғалысы қағидаларын бұзу фактісі өз дәлелін таппады деген тұжырымға келіп, ақтау үкімін шығарды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады Әйтеке би аудандық сотының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, жол-көлік апаты былтыр болып, полиция күдікті ретінде жеңіл көлік жүргізушісіне айып тақты.