Жол-көлік апатына түскен Петропавл тұрғыны қалалық әкімдікті сотқа беріп, жеңіп шықты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл тұрғыны жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген материалдық шығын мен моральдық зиянды өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгініп, жеңіп шықты.
Жауапкер ретінде Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі көрсетілген.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар айында Қизатов көшесіндегі автожол учаскесінде Петропавл тұрғынының көлігі аударылған. Оқиғаға жолдағы көктайғақ себеп болған. Тығыздалған қардан пайда болған ойыққа дөңгелегі түсіп кеткен. Салдарынан машинаға механикалық зақым келді.
Сот талқылауы барысында осы жол учаскесіндегі ойықтың тереңдігі 8 см дейін жеткені анықталды. Сонымен қатар, оқиғаға дейін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жол жамылғысындағы кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілгені белгілі болды. Алайда жолдағы ақауды уақтылы жойғанын растайтын дәлелдер сотқа ұсынылмаған.
«Қазгидромет» филиалы ұсынған мәліметтерге сәйкес, оқиға болған күні Петропавлда қар жауып, ауа температурасы нөлден төмен болған. Бұл жағдай жолдың көктайғақ болуына әсер еткен. Сондай-ақ талапкер қатысқан жол-көлік оқиғасынан кейін бес минут ішінде сол жолда тағы бір жүргізуші апатқа ұшырағаны, ал келесі күні осы учаскеде тағы 3-4 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, кемінде 11 адамның зардап шеккені анықталды.
Ұсынылған дәлелдемелерді жан-жақты бағалай отырып, сот көше-жол желісінің тиісті деңгейде күтіп-ұсталмауы келтірілген зиянмен тікелей байланыста деген қорытындыға келді. Сонымен бірге сот жүргізуші тарапынан да қолайсыз ауа райында қозғалыстың қауіпсіз режимі сақталмағанын атап өтті.
Сот шешімімен жауапкерден материалдық залалдың өтемақысы, моральдық зиян өтемақысы, өкілдің қызметіне жұмсалған шығындар және мемлекеттік баж өндірілді. Шешім заңды күшіне енді.
Бұған дейін Павлодарда мас күйінде көлік жүргізген сот орындаушылар палатасының басшысы жазаланғанын жазған едік.