«Алматы әкімдігіне жұртшылық тарапынан қоғамдық көліктерге қатысты шағымдар көптеп түседі. Бұл - шындық. Қазір әкімдік парктерді одан әрі дамытуға барынша күш салып жатыр. Қаржы жеткілікті бөлінуде. Тәртіп жағы да қолға алынды. Біз мысалы жұмыста жіберілген бірқатар кемшіліктер мен тәртіпсіздіктер үшін «Алматыэлектротранс» компаниясының басшылығын түгелімен ауыстырдық. Қазір онда жұмыс біртіндеп жолға қойылып келеді. Енді қалада қоғамдық көлікке қатысты қордаланып қалған мәселелерді жыл соңына дейін шешіп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткіземіз деген сенімдемін», - деді өз сөзінде Ю. Ильин.
Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімінің орынбасары жұртшылықты жолаушылардың жолақысын валидаторға салдырмай өздері алатын жүргізушілер туралы тиісті мекемелерге немесе әкімдікке дер кезінде хабарласуға шақырды.
«Мұның өзі - үлкен заң бұзушылық. Бұл жағдайда тіпті жүргізушіні жұмыстан шығару шарасы да қолданады. Мұндай жүргізушілер, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатындар «қара тізімге» ілінеді. Кейін олар басқа компанияларда жүргізуші болып жұмыс істей алмайтын болады», - деді Ю. Ильин.
Қала әкімінің орынбасары биыл жазда Алматыда екінші муниципалдық автобус паркінің қолданысқа берілгендігін жеткізді. Онда қазір 200-ден астам жаңа троллейбус, 19 трамвай, табиғи газбен жүретін 200 автобус және таулы мекендерге жүруге арналған 10 автобус жұмыс істейді. Жыл соңына дейін аталмыш парктегі қоғамдық көліктердің санын 800-ден асыру көзделген.
Қазіргі таңда муниципалдық паркте жұмыс істейтін жүргізушілердің жалақысы 200-250 мың теңгеге дейін барады екен. Соған қарамастан жүргізушілер жетіспейді. Ю. Ильин енді парктер дамыған елдердің тәжірибесімен жүргізушілік жұмыстарға шетелдіктерді шақыруы мүмкін екендігін жоққа шығармады.