Жол қозғалысы мәселесінде барлық тараптың өзара жауапкершілігі болуға тиіс - Н. Нығматулин

АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Мәжілістің жалпы отырысында қаралып жатқан «Жол қозғалысы туралы» заң жобасын талқылау барысында Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған құжаттың маңыздылығы мен сапасына ерекше назар аударды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

- Қазіргі уақытта еліміздегі әлеуметтік-белсенді тұрғынның әрбір үшіншісі, осы заң жобасында көрсетілген қағидалардың орындалуына мүдделі. Өйткені, бұл жерде көлік жүргізу, жаяу жүру, өзін-өзі ұстау мәдениеті тұр. Сондықтан, жол қозғалысына қатысы бар әр тарап өзара жауапкершілікті сезінуге тиіс, - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс Төрағасы Ішкі істер органында, соның ішінде, жол полициясы жүйесінде қызмет ететін кадрларға қатысты мәселені де назардан тыс қалдырмады.

Спикердің айтуынша, заң жобасын екінші оқылымда, дамыған елдердің тәжірибесін игере отырып тағы да толықтыру қажет және мемлекеттік емес қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобында белсенді талқылау керек.

- Өйткені, біздің жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің арасындағы қатынастың негізгі ережелерін заң жобасына қалай енгізетінімізге де көп жағдай байланысты,-деп атап өтті Мәжіліс Төрағасы.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Жол жүрісі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.