«Қазақавтожол» РМК Атырау облыстық филиалының басты мақсаты - Атырау облысы бойынша жалпы пайдаланымдағы республикалық маңыздағы жолдарда автокөліктердің қауіпсіз және толассыз қозғалысын қамтамасыз ету үшін күтіп ұстау, ағымдағы жөндеу, көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді, атап айтқанда: қыста қардан тазалау, көктем-жаз айларында шұңқыр жамау, жарықтарға шайыр құю, жол белгілерін орнату немесе алмастыру, жол таңбасын сызу, тағы да басқа жұмыстар. Соның ішінде: «Ақтөбе - Атырау» Ресей Федерациясы шекарасы (Астрахань бағыты) - 552 шақырым (330-893). Бұл жолдың 7 шақырымы I категориялы, 493 шақырымы III категориялы, 19 шақырымы IV категориялы. Атырау - Орал тас жолы 184 шақырым (5-189) III категориялы. Доссор - Құлсары - Ақтау - 209 шақырым (0-209) III категориялы. Махамбет - Новобогат - 45 шақырым (0-45) IV категориялы жолдары бар.
- Аталған жолдың күтіп ұстау жұмыстарын жүргізіп отырған филиал бойынша 4 ЖПУ, 4 ЖПБ бар. Қазіргі таңда Атырау облыстық филиалында 115 адам жұмыс атқарады, - дейді «Қазақавтожол» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Сейітжан Молдашев. - 2016 жылы жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына республикалық бюджеттен 350 миллион теңге қаражат бөлінді. Ағымдағы жылдың 7 айы ішінде бөлінген қаражаттың 247,5 миллион теңгесі игерілді. Қазіргі таңда шұңқыр жамау, жол жиегіндегі шөпті шабу, сызаттарды кесу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 2016 - 2017 жылдардағы күзгі-қысқы мезгілде жолды күтіп ұстау жұмыстары атқарылуда. Олар:
1. Өндірістік базаларды қысқа дайындау.
2. Жылыту пункттері мен боксатрды жылыту жүйесіне қосу.
3. Арнайы техникаларды жөндеу.
4. Тайғаққа қарсы қолданылатын реагенттік материалдарды дайындау.
5. Жол жиегіндегі шөпті шабу.
Қазіргі таңда қысты күтіп ұстау жұмысына пайдаланылатын арнайы техника саны - 26 дана, соның ішінде - 23 данасы дайын, 3 данаға жөндеу жұмысы жүргізілуде.
Мекемеде 24 арнайы техника бар, олар - автогрейдер, КамАЗ, КДМ, каток, фреза, шөпшапқыш техникалар.
Филиал құрылғаннан бері бірнеше тендерге қатысып, республикалық маңызы бар жолдар бойында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Биыл 1 сәуірде ашық конкурс тәсілімен жүргізілген «Атырау қаласындағы автомобиль жолдарын жөндеу» жалпы құны - 74 753 099 теңгені құрайтын жұмыстарын ұтып алды.
«Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» жариялаған конкурс талабы бойынша Атырау қаласы көшелерінде пайда болған шұңқырларды жамау, отырыңқы жерді қалпына келтіру, жалпы көлемі 8 300 м2 құрайтын жұмыстар. Аталынған жұмыстарды орындау мақсатында бригада жасақталып, жұмыс басталды.
Келісімшарт соммасы - 74 753099, 68 теңге.
Барлық техника сақадай сай, жұмыс жүргізілуде. Жол-құрылыс материалдары мемлекеттік сатып алу жоспарына енгізіліп, қосымша келісімшарт жасалуда. Осы күнге дейін 5 464 шаршы метр шұңқыр жамау жұмысы орындалды.
Қазіргі таңда филиал қызметкерлерінен құрылған «Нұр Отан» партиясы «Жібек жолы» бастауыш партия ұйымы жұмыс атқарады. «Нұр Отан» партиясы «Жібек жолы» бастауыш партия ұйымы төрағасы болып бірауыздан филиал директоры Сейтжан Молдашев сайланды.
2016 жылдың І жартысында көптеген іс шаралар атқарылып, көмек көрсетілді. «Кедергісіз келешек» партия жобасы арқасында «Мүгедектерге көмек» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жұмыс орындарын құру, тең құқықтар мен мүмкіншіліктер жасау арқылы олардың материалдық жағдайын жақсартудың жолдарын қарастырды.
«Жастар - Отанға» партия жобасы шеңберінде «Қазақавтожол» РМК Батыс Қазақстан облыстары (Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе) арасында «Алға, жастар!!!» атты аяқдоп ойын түрінен достық турнирі ұйымдастырылды.
«Ардагерлерді ардақтайық» партия жобасы негізінде «Қарттарымыз - алтын діңгегіміз» атты шара өткізіліп, партия мүшелері, филиал қызметкерлері мен жұмысшылары Махамбет ауданындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері, еңбек ардагері Сембай Исеғалиевқа медициналық көмек көрсетіп, үй шаруашылығына және ақшалай жәрдем берілді.
Жол саласының маманы, еліміздің автокөлік жолдары құрылысында аянбай еңбек еткен «Еңбек ардагері» төс белгісінің иегері Сатыбалды Байтекеновтің отбасымен кездесіп, ақшалай және заттай сый-сияпат көрсетілді.
Қазіргі таңда Елбасы Н.Назарбаевтың Мәңгілік ел - 2050 Қазақстан халқына Жолдауы бойынша насихаттау және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Жол- мемлекет инфрақұрылымының ең маңызды элементтерінің бірі. Еліміздің экономикалық өркендеуі жол желілері дамуының деңгейіне тікелей тәуелді. Осыған байланысты, Қазақстан Президенті жолды салу мен жөндеуді мемлекеттің басым тапсырмаларының бірі ретінде алға қойды. Инвестиция және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пшембаев пен «Қазақавтодор» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Серікжан Мұқашев Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасының өңірде сапалы орындалуына баса назар аударуда. Атырау аймағы мұнайлы өңір болғандықтан жолдың сапасы үнемі басты назарда болуы керек. Бұл орайда Атырау облысының әкімі де Президент нұсқауын басшылыққа алып, жол сапасын жақсартуға жете көңіл бөлуде.
«Қазақавтожол» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Сейітжан Молдашев еңбек жолын көлік жүргізушіліктен бастап, кейіннен М.Тынышпаев атындағы Көлік және коммуникация академиясын «Автокөлік жолдары және аэродром құрылысы» мамандығы бойынша тәмамдап, осы салада жұмыс жасауға бет бұрды. Жауапкершілік, мақсатқа ұмтылу, еңбексүйгіштік, жан-жақтылық, ұқыптылық пен мәселені ақылмен шешу сияқты қасиеттер оның бойына тән. Оның қол созған үлкен мақсаттарға жетуінің сыры да осында.
Гүлнар ТӘЖИЕВА