деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мол және үздіксіз жауын-шашын мен ауа райының күрт өзгеріп отыруы салдарынан биылғы көктем біраз өңірлердегі көлік қатынасының қиындауына әкеліп соқты. Республикалық қатынастағы автожолдардың ішінде Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы жолдар едәуір зардап шекті. Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды облыстарындағы үйілген қардың қалыңдығы мен су тасқындары автокөліктердің қозғалысына едәуір қиыншылықтар туғызды. Осы жағдайлардың салдарынан наурыздың 24-дегі жағдай бойынша республикамызда 29 жол нысанына зақым келді. Оның ішінде Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында 2 көпір, 4 көпірге кіреберіс, сонымен қоса 3 құбыр шайылып кетті. Тасқын судың зардабынан автомобиль жолдарының 20 учаскесі бұзылды. Алдын ала есептерге қарағанда (24.03.10 ж. күнгі мәлімет бойынша) келтірілген нұқсанның сомасы 1,7 млрд. теңге болып отыр», делінген баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, орталықтан бөлініп қалған елді мекендер көбіне-көп жалғыз байланыс буыны болғандықтан, әрбір бүлінген учаскенің маңыздылығын ескере отырып, Көлік және коммуникация министрлігінің жол кәсіпорындары бір жағынан жол бойын үйме қардан тазартумен, екінші жағынан шайылып кеткен учаскелерді қалпына келтірумен тәулік бойы шұғылдануда. Жедел шара қолдану мақсатында ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде шұғыл штаб құрылып, диспетчерлік қызмет жұмыс жасауда (7172) 24-36-06. Су тасқыны қаупі бар жерлер мен шайылып кетуі ықтимал учаскелер анықталды. Су тасқыны мерзімі бойына республикалық маңызы бар 563 учаске бақылауға алынды.