Жол полициясы халық үшін электрондық қызмет ауқымын кеңейтуде
Ведомствоның атап өтуінше, 2010 жылдың қараша айында Ішкі істер министрлігі Байланыс және ақпарат министрлігімен бірлесіп жол полициясының «Бақылау» ақпараттық жүйесі негізінде жол қозғалысы ережелерін (бейне бақылау және тіркеу жүйесімен түсірілген айыппұлдардан басқа) бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды «электронды үкімет» порталы арқылы төлеу тетігін іске асырды.
Айыппұлдарды төлеудің дәстүрлі түрі жол қозғалысын бұзушыларға таныс. Төлеу үшін екі кезекте тұру керек - банкте және әкімшілік тәжірибе бөлімшесінде. Ал «электронды үкімет» порталы арқылы төлеу, сөзсіз, осы рәсімді жеңілдетеді. Себебі, осылай төленген айыппұлдар туралы хабарламалар автоматты түрде жол полициясы бөлімшелеріне бағытталады.
«Қазіргі уақытта Жол полициясы комитетімен «Бақылау» ақпараттық жүйесі және өңірлік процессинг орталықтарымен бейне бақылау және тіркеу жүйесімен түсірілген бұзушылықтарды өңдеу бойынша бірігу жұмыстары жүруде және осы жүйелермен түсірілген құқық бұзушылықтарды электрондық үкімет шлюзі арқылы төлеуге мүмкіндік береді. Осындай мүмкіншілік көлік иелерінде 2011 жылдың соңында пайда болады. Сондай-ақ, халықты осы қызмет түрімен кеңірек қамту мақсатында, қоғамдық орындарда орнатылған электронды терминалдар арқылы қолма-қол төлеу көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдарды төлеу мүмкіндіктерін іске асыру мәселелері, сонымен қатар айыппұлдарды банкомат арқылы және екінші дәрежелі банктердің РОS-терминалдары арқылы төлеу мүмкіндіктерін іске асыру мәселелері қарастырылуда», - делінген хабарламада.