Жол полициясы: қоғамдық тәртіпті бұзу 43,0 пайызға көбейіп отыр - БҚО
16:57, 09 Қаңтар 2012
ОРАЛ. 9 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында 2010 жылы қоғамдық тәртіпті бұзудың 1127 фактісі тіркелсе, өткен жылы бұл сан 1612-ге жетті немесе 43,0 пайызға өсті.
Облыстық жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жол полициясы қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне шағымданушылар қатары 78-ден 74-ке немесе 5,1 пайызға азайды. Соның ішінде анықталғандары 20-дан 18-ге немесе 10 пайызға кеміді.
Жыл ішінде 217 жол полициясы қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, бұл 2010 жылғыдан (167) 30 пайызға артық.
Жол полициясы қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қатысты 17 құқық бұзушылыққа жол берілді. Пара алу фактісі бойынша 2 қызметкердің ісі сотта қаралуда. Сондай-ақ, тағы бір қызметкер ҚР ҚК 257-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.