Жол полициясы көлік кәсіпорындарына шүйлігіп отыр - апталық брифинг

АСТАНА. Тамыздың 17-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер министрлігі бүгіннен бастап көлік кәсіпорындарының жолда жүру  ережелерін сақтауына байланысты талаптарды орындау жағдайын қатаң бақылауға алатын болады. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, жағдайдың бұлайша қалыптасуына жүргізушілер мен оларға жұмыс берушілердің жолаушылар өмірінің қауіпсіздігі мен жолдағы қауіпсіздікті сақтаудан көрі мол пайда табуды артық көруі себеп болып отыр. «Осыған орай біз бүгін Бас прокуратураға көлік кәсіпорындарының еңбек заңдылықтарын орындауын бірлесіп тексеруді ұсынып отырмыз. Біз еліміздің барлық көлік кәсіпорындарына иеліктеріндегі көліктер мен олардың техникалық жағдайын жіті тексеріп, талапқа сай емес көліктердің жұмысын тоқтатуды ұсынамыз. Сонымен қатар кәсіпорын иелері жүргізушілердің де денсаулық жағдайлары мен олардың біліктілік деңгейлерінің талапқа сай болуын қадағалаулары қажет», деді комитет төрағасы.

Оның  сөзіне қарағанда, Ішкі істер министрлігі қоғамдық көліктер мен жүк көліктерінің қатысуымен болатын жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында тұрақты түрде жедел сауықтыру шараларын жүргізіп келеді. Оның барысында жолаушылар мен жүк тасымалдайтын кәсіпорындардың қызметі тексеріледі. «Осылайша тамыздың 3-і мен

8-і аралығында жүргізілген «Автобус» кезекті іс-шарасы барысында 1 мың 671 көліктің мемлекеттік техникалық тексеруден өтпегендігі анықталды. Ал көліктердің 833-і заңнан тыс түрлі құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар қоғамдық көлікті спиртті ішімдік ішкеннен соң жүргізген 54 жүргізуші ұсталды. Олардың осындай жағдайда рөлге отыруына мүмкіндік бергені үшін көлік мекемелерінің 23 қызметкері жауапқа тартылды», деді Қ.Тыныбеков.