Жол полициясы комитеті тіркеу-емтихан бөлімшелерінде сервистік орталықтарды құру мәселелерін қарастыруда

АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жол полициясы комитеті тіркеу-емтихан бөлімшелерінде халыққа қызмет көрсетуге қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыс жүргізуде.

Жол полициясымен мемлекеттік қызмет көрсетулер бойынша сервистік орталықтарды құру мәселелері қарастырылуда, деп хабарлады ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің баспасөз қызметінен.

2011 жылдың басында ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің бастамасымен көлік құралдарын тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Атап айтқанда, тіркеуге негіз болатын есеп-анықтама алып тасталды, көлік құралдарын сату-сатып алудың қарапайым ауызша және жазбаша шарт келісім формасы енгізілді. Егер бұрын азамат өз меншігіне автокөлікті аудару үшін комиссиондық дүкенде есеп-анықтама нысанын немесе сату-сатып алу келісімін нотариалды түрде 5-8 мың теңге жұмсап, рәсімдейтін болса, қазір бұның бәрі қажет емес, осы процедураларды жол полициясының бөлімшелерінде ешқандай ақысыз рәсімдеуге болады. Бұл орайда халыққа қызмет көрсету жол полициясы қызметкерлерімен және Сервистік орталық жұмыскерлерімен іске асырылатындығын атап өткен орынды. Аталған орталық қызметкерлеріне қосымша міндеттер жүктеледі (кеңес беру, құжаттарды қабылдау, өтініштер бланкілерін толтыру).

Сонымен қатар Байланыс және ақпарат министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік қызмет түрлерінің әлеуметтік маңыздысы ретінде көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәліктерін беруде мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша шаралар қабылдануда.

Аталған мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мемлекеттік қызметті алу үшін өтінішті электронды түрде жасау және беруді, және өтініш иесінің ақпараттарын өңдегеннен кейін оны электронды кезекке қоюды қарастырады. Әрі қарай өтініш иесі орнатылған электронды кезекке сәйкес мемлекеттік қызмет алу үшін тіркеу-емтихан пунктіне белгіленген уақытта келуі керек.

Осындай рәсім түрі автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.