Жол полициясы қызметкерлерін қоғамдық көліктер мен мемлекеттік меншіктегі жеке көліктердің жүргізушілері алаңдатып отыр

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қоғамдық көліктер мен мемлекеттік меншіктегі жеке көліктердің жүргізушілерінің әрекеттері жол полициясы қызметкерлерінің алаңдаушылығын тудыруда. Бүгін журналистермен брифинг өткізген Ішкі істер министрігінің Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков келтірген мәліметтердің қорытындысы осындай.

Комитет төрағасының сөзінше,18-25 қазан аралығында жүргізілген «Қауіпсіз жол» жедел-сауықтыру шарасының барысында осы мәселеге баса назар аударылған. Жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 4 мың 941 жолда жүру ережесін бұзу әрекеті анықталды. Оның 1 мың 762-і мемлекет меншігіндегі жеңіл көліктердің иелерінің үлесінде. «Ең сорақысы елімізде қоғамдық көлікті мас күйінде жүргізген 25 адам ұсталды. Ал жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғандар - 852. Қоғамдық көлікті заңсыз түрде жабдықтау - 368. Сондай-ақ тәртіп сақшыларының құрығына ілінген 1 мың 341 көліктен ақау табылды. 565 автобустың жүруіне тыйым салынып, көлік қызметімен айналысатын ұйым-мекемелердің 276 өкілі әкімшілік жауапқа тартылды», - деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, жыл бойына жол ережесін бірнеше мәрте бұзғаны үшін 615 жүргізуші және 106 автобус жүргізушілерінің жолда жүру ережесін білу деңгейлері тексерілді.