Кеңеске Қоғамдық кеңес мүшелерімен қатар Жол полициясының жеке құрамы қатысты. Жиында Жол полициясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Малыбаев «Астана қалалық ІІД ЖПБ-дағы заңдылық пен тәртіп жағдайы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасау бойынша қабылданған шаралар туралы» баяндама жасап, кеңес мүшелерінің осы бағыттағы сауалдарына жауап берді. Ал кеңес мүшелері құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлықтың орын алу себептері бойынша өз пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ азаматтардың автокөлікті мас күйінде әрі жоғары жылдамдықпен жүргізуі сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты сауалдар қойылды.
Жол полициясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, қала ішінде патрульде жүрген инспекторлардың жұмысын қадағалап отыруға қала көшелерінде орналасқан 373 бейнебақылау камерасы мүмкіндік береді. Тәжірибе ретінде, өткен жылдың шілде айынан бастап, бір партрульдік қызметтік көлікке өз ішінде екі арнайы бейнекамераны түйістірген бейнебақылау және анықтаужүйесі орнатылды.
Пайдалану кезінде жүйе жол полициясы инспекторларының жол қозғалысы қатысушыларымен өткізген 500-ден астам алдын алу әңгімелерін тіркеді. Бұл құрылғылар инспекторлардың өз қызметін атқаруына қадағалау жасай отырып, инспекторлар мен жүргізушілердің мәдениеті мен тәртібін жақсарта түсуде.
Б.Малыбаевтың айтуынша, осы секілді жүйелер қызметкерлер тарапынан орын алып қалатын жемқорлық қылмыстардың алдын алуға да зор мүмкіндік береді. Қазіргі күні 11 қызметтік көлікке орнатылған Оңтүстік Кореяда шығарылған бейнекамералар тестілеуден өткізілуде.