«3 ақпан күні 12:00 шамасында «Меркі - Шу - Бурылбайтал» тас жолында маска киген үш адам жолды жауып, «Скания» жүк көлігінің қозғалысына шектеу жасады. Осыдан соң, олар Ақмола облысы Степногор қаласының тұрғыны, аталмыш жүк көлігінің жүргізушісіне шабуыл жасаған. Қарумен қорқытып, 2 мың теңгені қолды еткен. Көп ұзамай, «Меркі - Шу - Бурылбайтал» тас жолының 249-шақырымында «Вольво» жүк көлігін тоқтатып, жүргізуші, Қырғызстан азаматына шабуыл жасайды. Қару кезеніп, ақша сұрайды. Бұған келіспеген жүргізуші, көлікпен қаша жөнеледі, қарақшылар оқ жаудырып,, артқы дөңгелекке зиян келтірген. Жарты сағаттан соң, «Мерседес-Бенц» көлігін дәл осындай әдіспен тоқтатпақ болады, алайда бұған мойынсұнбаған ОҚО тұрғыны қылмыскерлердің көліктерін соғып өтеді. Қарақшылардың бұл әрекетіне ызаланған жүргізуші бірден Мойынқұм полициясына хабарласады. Жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел қимылы арқасында қарақшылардың көлігі Балқаш көлінің жағасында ұсталады», - деді Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция полковнигі Самат Құсайынов брифинг барысында.
Қылмыскерлер «Фольксваген Гольф» көлігінде болғаны анықталды. Полиция қызметкерлерінің сөздеріне құлақ аспаған қарақшылар қашуға бел байлаған, бір сағаттық қуғыннан соң, қылмыскерлер қолға түсті. Көліктен үш маска, 7,62 мм болатын 6 оқ және 2 мың теңге көлеміндегі ақша табылды. Қашу кезінде күдіктілер көліктен қаруларын лақтырып жіберген. Қазіргі уақытта ол іздестірілуде. Ұсталғандардың тұлғалары анықталды, екеуінің бұрын бірнеше мәрте сотталғаны белгілі болып отыр.