Жол сапасына жауапты мекемелерге 111 млн теңге айыппұл салынды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2020-2022 жылдары жол сапасына қатысты 81 техникалық қадағалау мекемесіне айыппұл салынды. Бұл туралы жол активтерінің ұлттық сапа орталығының директоры Замир Сағынов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл ұлттық орталық 29 мың жол материалының сапасын тексерді. Тексерілген материалдардың 24 пайызы сапасыз деген қорытынды жасалды. Сапасыз материалдар көбіне жергілікті жолдарда қолданылған. Сондықтан жолдарды қайта салды ұсындық. Айта кететін жайт, бізде жол сапасын тексеретін инженерлік компания бар. Негізі сапаны қадағалайтын солар. Ал біз айына бір рет тексеріп тұрамыз», - деді Замир Сағынов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жол сапасын тексеру мен қадағалауға қатысты шаралар жалғасын табады.

«Біздің ұсынысымыз бойынша 2020-2022 жылдары 81 техникалық қадағалау мекемесіне айыппұл салынды. 56 аттестат пен 72 лицензия тоқтатылды. Оның ішінде 4 мердігер компанияның лицензиясы бар. Сол сияқты жол сапасын қадағалайтын мекемелерге 111 млн теңгеге айыппұл салынды», - дейді ол.

Айта кетсек, автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин мәлімдегендей, жыл соңына дейін республикалық жолдардың 91 пайызы талапқа сай болады.

Сондай-ақ биыл ақылы жолдардан шамамен 25 млрд теңге пайда түсті.


Соңғы жаңалықтар