Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-патрульдік полиция ротасының тәртіп сақшылары "Павлодар-Шарбақты" автожолында «Mercedes-benz» маркалы көлікті тоқтатып, тексеру барысында "МР-153" қару мен жабайы құстарды анықтаған.
«Ұсталған азаматтар жол үстінде бір топ құсты көріп қалған. Бұдан кейін ер адам көліктен мылтығын алып шығып, құстарды ата бастаған да олжасын көлікке салып алған. Оның аңшылық жасауға рұқсат берілген құжаттары болмаған. Құрықталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 337-бабы, 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы бапқа сәйкес ол екі мың АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді баспасөз қызметінде.
Айта кетерлігі, 2016 жылы 15 қаңтардан бастап жабайы құстарды аулау маусымы жабылған. Бұған қоса, автожол төсемесіне жақын аумақта аңшылық құруға заңмен тыйым салынған.