Жол жамылғыларын жобалауда Superpave технологиясы енгізіледі — Көлік министрлгі

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ел тарихында алғаш рет жол салуға қажетті 79 жаңа материалға далалық сынақ жүргізіледі. Бұл туралы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина айтты.

— Қазіргі заманғы цифрлық және технологиялық шешімдер әзірленіп, тәжірибеге енгізілуде. Аталған жұмыстар 2025 жылы да жалғасын табады. Атап айтқанда, жол қозғалысын тоқтатпай-ақ көпір құрылымдарын экспресс-диагностикалауға мүмкіндік беретін мобильді жүйелердің іске қосылуы басталды. Бұдан бөлек, ел тарихында тұңғыш рет 79 жаңа материалдың далалық сынағы жүргізіледі. Бұл ең тиімді шешімдерді іріктеп, енгізуге мүмкіндік береді. Superpave технологиясы бойынша жол жамылғыларын жобалаудың халықаралық стандарттары енгізілмекші, — деді Анар Ғабдуллина Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Комитет өкілінің айтуынша, соңғы жылдары отандық ғалымдар мен инженерлердің бастамасымен бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды.

— Атап айтқанда, жаңа буынға арналған көктайғаққа қарсы реагент, жол белгілеуге арналған органо-ерітінділік бояу, полимер-битумды байлағыш дайындауға арналған құрылғы сияқты бірегей әзірлемелер жасалды, — деді ол.

Айта кетейік, Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында автомобиль және теміржолдарды дамыту жөніндегі инвестициялық жобалар қаралды.

Қазіргі уақытта Жол қауіпсіздігі жөніндегі алғашқы ұлттық стратегияны әзірлеу жұмысы басталды.