Жол жылы: Шығыс Қазақстанда биыл 600 шақырымға жуық жол жөнделеді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылы жол сапасын жақсартуға баса назар аударылып отыр. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев осы жылды «Жол жылы» деп те жариялаған. Бұл мақалада өңірде жыл көлемінде қай жолдардың жөнделетінін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатқан Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысының жай-күйін сөз етпекпіз. 

Фото: видеодан алынған скрин

ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Тұраровтың айтуынша, осы жолы Қалбатау-Майқапшағай, Талдықорған-Өскемен, Осинов асуы республикалық жолдарын қайта жаңарту жалғасады.

«ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ республикалық маңызы бар 200 шақырымға жуық жолды, оның ішінде Өскеменнен Шемонаиха, Риддер, Алтай, Семей қалалары бағыттары бойынша жолды жөндеу мәселесін қарастыруда. Биыл Шемонаиха қаласында Үбе өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғыртуды бастау жоспарланып отыр. Көпір 1962 жылы салынған. Сарапшылардың қорытындысы бойынша көпір апатты деп танылған, көліктің жалпы салмағы бойынша шектеу енгізілген, кері қозғалыс ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта жобалаушыны анықтау бойынша конкурс өткізілуде», - деді ол.

Өскемен қаласында Сәтбаев пен Жібек Жолы даңғылдарының қиылысында көлік айрығының, Пермитин мен Славский көшелерінің қиылысының құрылысы жалғасады. Алматы қаласына шығатын Жібек жолы көшесін, Базовая көшесін қайта жаңарту жобалары аяқталмақ. Сәуір-мамыр айларында «ҮМЗ» АҚ ауданындағы Үлбі өзені арқылы өтетін Шнайдер көпірін қалпына келтіру көзделуде.

Елді мекендердің жолдары мен көшелерін орташа жөндеуге 28,5 млрд теңге бөлінеді. Соның шеңберінде шамамен 600 шақырым жол жөнделеді деп күтілуде. Атап айтқанда, 

- Облыстық маңызы бар 222 шақырым жол,

- Аудандық маңызы бар 153 шақырым жол, 

- Елді мекендердің 108 шақырым көшелері,

- «Ауыл – ел бесігі» аясында аудандық маңызы бар 88 шақырым көшелер мен жолдар,

- Аудандардың өз қаражаты есебінен 29 шақырым жолдар мен көшелер жөнделуі тиіс.

«Жол жөндеу сапасын Ұлттық сапа орталығының мамандары тексеретін болады. Ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз қозғалысы салдарынан жолдардың зақымдалмауын қамтамасыз ету мақсатында облыстық маңызы бар жолдарда салмақтық бақылау жүйелерін орнату мәселесі пысықталуда. Қазіргі уақытта жолдарды жөндеу бойынша техникалық құжаттаманы дайындаумен қатар, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама шеңберінде конкурстық рәсімдер басталды», - деді Нұрбек Тұраров.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім мен Самар аудандарын жалғайтын «Қызыл ту» өткеліне көпір салынып жатқаны белгілі. Еліміздегі ең ұзын көпір биыл қолданысқа беріледі деп күтілуде.

«Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір жобасының бағасы - 61,4 млрд теңге. Бүгінде оның 27,4 млрд теңгесі игерілді. Ұзындығы 1153 метрді құрайтын технологиялық көпір салынды. Екі жолақты негізгі автомобиль көпірінің ұзындығы 1316 метр, ені 12,2 метр болады. Қазіргі уақытта 21 көпір тірегінің 13-і орнатылды. 8 тірек бойынша жұмыстар жалғасуда. Аралықтардың 20 металл конструкциясы дайындалып, учаскеге жеткізілді. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр», - дейді ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Тағы бір маңызды жоба – 2018 жылы басталған Өскемен-Алтай бағытындағы Осинов асуынан төте жолдың құрылысы. Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасына және Катонқарағай ауданына туристер тек осы жол арқылы жетеді. Жол салушылар байқаусызда орман шаруашылығының жеріне кіріп кеткендіктен тоқтап қалған құрылыс жұмыстары 2023 жылы қайта жалғасқан еді.

«Бүгінгі таңда 56-дан 72 шақырымға дейінгі учаскеге байланысты жобаға түзетулер енгізілген. Конкурс өткізіліп, мердігер компания анықталды. Ол – «Kurylys Group RK» ЖШС. Өткен жылы қазан айында келісім жасалды. Биыл 3,9 млрд теңге бөлініп, оның 2,9 млрд теңгесі игерілді. 52-ден 53 шақырымға дейінгі аумақта жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 72-ден 88 шақырымға дейінгі учаскеге қатысты жобаға түзету енгізілуде. Жалпы құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталады деп күтілуде. Себебі жолда биік тіректері бар үлкен және күрделі көпір салынуы тиіс», - деді Н.Тұраров.