Бұл туралы бүгін Қазақстан Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
Оның айтуынша, 19 маусымда Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен төменгі палатаның жалпы отырысында бірінші оқылымда «Жол жүрісі туралы» заң жобасы қарастырылатын болады. «Әзірленген жаңа заң жобасы қолданыстағы «Жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы» Заңның орнына қабылданып, интеллектуалды көлік жүйесін, жолдар мен жаңа көліктік құралдарды бағалаудың ұлттық жүйесін енгізуді көздейді. Заң жобасы аясында елімізде жол қозғалысы қауіпсіздігінің аудит институты құрылмақ», - деді ол.
Сонымен қатар, алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысында қолданыстағы 6 Заңның орнына қабылданып отырған бірыңғай құқықтық актіні және азаматтық қорғаудың бірыңғай жүйесін құруды көздейтін «Азаматтық қорғау туралы» Заң жобасын қарау көзделген. Төменгі палата сондай-ақ «қазақстандық-румыниялық үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарастырады.
«21 маусымда Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің ұйымдастыруымен мал шаруашылығын дамытудың болашағы мен өзекті мәселелері туралы тыңдау өтеді», - деді ол.