Жоламан Биғабыл каратэден Азия ойындарының чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Жоламан Бигабыл Жапонияның Айти–Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды.

Фото: Спорт комитеті

Каратэден кумитэ бағдарламасы бойынша 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында қазақстандық спортшы Өзбекстан өкілі Х. Халимовпен кездесті.

Шешуші жекпе-жекте Жоламан Бигабыл қарсыласын 9:1 есебімен сенімді жеңіп, Азия ойындарының чемпионы атанды. Бұл – Қазақстан құрамасының жарыстағы үшінші алтын медалі.

– Жоламан Бигабылдың жеңісі қазақстандық каратэшілерді жүйелі даярлау мен еліміздің өңірлерінде осы спорт түрін дамыту бағытындағы жұмыстың нәтижесін тағы бір мәрте көрсетті, – делінген Спорт комитетінің мәліметінде.

Қазіргі уақытта WKF каратэ Қазақстандағы бұқаралық спорт түрлерінің бірі саналады. Бұл спорт еліміздің 20 өңірінде дамытылып, онымен 77 мыңнан астам адам тұрақты түрде айналысады. Оның 25 мыңға жуығы – әйелдер.

Спортшыларды даярлау ісіне 600-ге жуық жаттықтырушы тартылған. Оның ішінде 140 маман ауылдық жерлерде жұмыс істейді.

Сондай-ақ елімізде жыл сайын Kazakhstan Open халықаралық турнирі өткізіледі. Бұл жарыс жасөспірімдер мен жастар (U21) арасындағы Азия және әлем чемпионаттарына спортшыларды іріктеудің ішкі рейтингтік турнирлерінің бірі саналады.

Айта кетейік, бұған дейін Алексей Луценко бес дүркін Азиада чемпионы атанды.