Жоламан Биғабыл: Каратэден Олимпиада шыңын бағындырғым келеді

ТОЕХАСИ.KAZINFORM — Каратэден ұлттық құрама спортшысы Жоламан Биғабыл Жапониядағы жазғы Азия ойындарындағы жеңісі және алдағы жоспары туралы айтты.

Фото: Арлан Олжабай

Қазақстандық спортшы жарыстағы барлық жекпе-жегінің оңай болмағанын, алайда ол командамен бірге табысты жұмыс атқарып, жеңіске жеткенін тілге тиек етті.

- Команданың қолдауын айқын сезіндім. Жалпы, барлық жекпе-жек оңайға соққан жоқ. Бапкерлердің жосрары және тактикасын толықтай орындап, жеңіске жеттік. Ақтық сында өзбекстандық қарсыласпен айқастым. Осыған дейін кездеспегенбіз. Ол жекпе-жек барысында ара қашықтық сақтауға тырысты. Бірақ мен одан айламды асырдым,- деді ол.

Жоламан Биғазы алда тағы ұлкен бәсекелер күтіп тұрғанын айтты.

- Бұл тек бастамасы деп ойлаймын. Осымен тоқтамаймыз. Алда жабық Азия ойындары, келесі жылы әлем чемпионаты бар. Болашақта Олимпиада бағдарламасына кіріп жатса, мүмкін Олимпиада шыңын бағындырамыз,- деді спортшы.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Жоламан Биғабыл каратэден Азия ойындарының чемпионы атанды.

Сонымен қатар, каратэші Софья Берульцева Қазақстан қоржынына Азиаданың төртінші алтынын салды.