Жолаушы және жүк тасымалының көрсеткіштері қалай өзгергені белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров елімізде жүк пен жолаушы тасымалының көлемі артқанын мәлімдеді.

Фото: Kazinform/ИИ

– Биыл тоғыз айда теміржол көлігімен 241,7 млн тонна жүк тасымалданып, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3%-ға өсті. Автомобиль көлігімен 270,4 млн тонна жүк тасымалданды. Өсім – 5,6%. Отандық әуе компаниялары 12,4 млн жолаушы тасымалдап, 4,2%-ға артты. Еліміз арқылы өтетін транзиттік жүктердің көлемі 13,1%-ға өсіп, 32,6 млн тоннаға жетті, – деді ол.

Сонымен қатар, вице-министр саладағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, тасымал көлемін арттыру үшін теміржол инфрақұрылымы кеңейтіліп жатыр. Жаңа теміржол желілері салынумен бірге, қолданыстағы учаскелер жаңартылуда. Бұл негізгі бағыттарда жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік береді және жол жүру уақытын қысқартуға жағдай жасайды. Теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары да жалғасып келеді. Бүгінгі таңда 101 теміржол вокзалы жаңартылды.

Мақсат Қалиақпаровтың сөзінше, автомобиль жолдары саласында да жаңа жобалар бар.

– Ақтөбе – Қызылорда, Бейнеу – Сексеуіл, Сарыағашты айналма жолы, Орталық – Батыс және Қарағанды – Жезқазған бағыттары бойынша жұмыстар басталды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Қызылорда – Жезқазған, Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы, Ақтөбе – Ұлғайсын және Петропавловск – Ресей шекарасы бағыттарында көлік қозғалысы ашылады, – деді ол.

Бұдан басқа, жолдардың сапасына ерекше назар аударылып отыр. Осы бағытта жергілікті жолдарды жоспарлау мен бюджетті тиімді пайдаланудың үш жылдық тәсілі енгізіліп, жобалау және құрылыс сапасына қойылатын талаптар күшейтілді.

Сондай-ақ, жол-құрылыс материалдарының электрондық базасы жасалып, олардың сапасын бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретін «Е-Жолдары» ақпараттық жүйесі құрылды.

Әуе саласындағы нәтижелер де айтуға тұрарлық. Мәселен, 20 жаңа халықаралық бағыт ашылды. Одан бөлек, Балқаш, Арқалық, Павлодар және Ақтау әуежайлары жаңартылды.

Айта кетейік, бұған дейін көлік және қойма саласындағы көрсеткіш қай өңірлерде төмен екені белгілі болғанын жазғанбыз.