Көлік министрлігі № 109/110 «Ақтөбе — Маңғыстау» бағыты бойынша жолаушылар теміржол қатынасы қайта жанданғанын мәлім етті. Аталған бағыт бойынша бұған дейін «Otpan Logistik» ЖШС жеке тасымалдаушысы қызмет көрсетіп келген.
Вагондардың техникалық жай-күйіне қатысты халық тарапынан көптеген шағым түсуіне байланысты, сондай-ақ жылжымалы құрамды жаңарту жөніндегі міндеттемелердің орындалмауына орай компаниямен жасалған келісімшарт бұзылды.
Қазір жолаушылар тасымалы Ұлттық тасымалдаушы — «Жолаушылар тасымалы» АҚ құрамындағы пойыздармен жүзеге асырылып жатыр.
— Пойыз отандық өндірісте шығарылған жаңа жолаушылар вагондарымен қамтамасыз етілген. Пойыз құрамында 5 купе және 6 плацкарт вагоны бар. Бір бағыттағы жалпы сыйымдылығы 400-ден астам жолаушыны құрайды. Вагондар қауіпсіздік және жайлылық бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Купе вагондары эргономикалық орындармен, жеке жарықдиодты шамдармен, USB-порттармен және электр розеткаларымен жабдықталған. Ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін арнайы купелер, мүгедектер арбасын орналастыруға арналған орындар және жолсерікті шақыру түймесі қарастырылған, — делінген хабарламада.
Көлік министрлігі әлеуметтік маңызы бар бағыттарда тұрақты жолаушылар қатынасын қамтамасыз ету және жолаушылар паркін кезең-кезеңімен жаңарту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.
Бұдан бұрын ҚТЖ тас жолдардың жабылуына байланысты жолаушыларды тасымалдау үшін 13 пойызды іске қосқанын хабарлады.