Жолаушылар тасымалы мен вагондарға қатысты халықтан арыз-шағым азайған жоқ — Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM — Тасымалдаушылар жолаушылар вагондары мен локомотив паркін жүйелі түрде жаңарып отыруын қамтамасыз етуі қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
— Жолаушылар тасымалы саласына ерекше назар аудару керек. Қызмет көрсету сапасы мен вагондардың жағдайына қатысты халықтың тарапынан арыз-шағымдар азайған жоқ. Бұл теміржол саласымен қатар, еліміздің имиджіне әсер етеді. Сондықтан барлық тасымалдаушылар жолаушылар вагондары мен локомотив паркін жүйелі түрде жаңарып отыруын қамтамасыз етуі қажет, — деді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, отандық вагон жасау зауыттарында қазіргі заманға сай әрі жайлы жолаушылар вагондарын шығару жолға қойылған. Оларды ұлттық тасымалдаушы қолданып жүр.
— Сондай-ақ жүк вагондарын шығару және ауыстыру жұмысын да жандандыру қажет. Бұдан бөлек, Көлік министрлігі мен Қазақстан темір жолы заманауи және перспективалы әзірлемелерді енгізу, жылжымалы құрамдардың қозғалыс жылдамдығын арттыру мәселелері бойынша жұмыс істеуі қажет. Жолаушылар тасымалы саласындағы қызметтерді одан әрі жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізу керек, — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Олжас Бектенов темір жол жобаларын уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.