Жолаушыларға жаңа мүмкіндік: Астана – Омбы пойызының вагондары жаңарды

АСТАНА.KAZINFORM — Астана – Омбы бағыты бойынша жүретін пойыз жаңартылды. Енді жолаушылар жаңа вагондармен сапар шегіп, жайлы әрі қолайлы қызметті пайдалана алады. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.

Фото: Көлік министрлігі

Мемлекет басшысының жолаушылар вагондары паркін кешенді жаңарту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жолаушылар тасымалы саласында жылжымалы құрамды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Фото: Көлік министрлігі

Салтанатты іс-шара барысында «Астана — Омбы» халықаралық бағыты бойынша жолаушылар пойызының жаңартылған құрамы жолға шықты.

Фото: Көлік министрлігі

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов:

— Бағыттың жаңартылуы көршілес елдер арасындағы көлік байланысын нығайтуға және жолаушылар үшін қолжетімді әрі жайлы жағдай жасауға бағытталған, — деп атап өтті.

Пойыз құрамына RWS Wagon (холдинг RWS KZ) базасында жасалған купе және плацкарт үлгісіндегі 8 жаңа отандық вагон қосылды. Бір бағыттағы жалпы сыйымдылық 300-ден астам жолаушыны құрайды.

Фото: Көлік министрлігі

Бұған дейін халықаралық бағыттарда жылжымалы құрамды жаңарту жұмыстары «Алматы – Саратов», «Алматы – Новосибирск» және «Қарағанды – Мәскеу» бағыттарында жүргізілген болатын. Енді олардың қатарына «Астана – Омбы» бағыты қосылды.

Фото: Көлік министрлігі

— 2025 жылы 175 жаңа жолаушылар вагоны сатып алынды. 2026 жылы тағы 191 вагон сатып алу жоспарлануда. 2030 жылға дейін 800-ге жуық вагон жаңартылады, бұл қолданыстағы парктің 90%-ын ауыстыруға мүмкіндік береді. Жаңа вагондар заманауи талаптарға толық сай келеді, — делінген хабарламада.

Интерьері мерзімінен ерте тозуды болдырмайтын арнайы материалдардан жасалған, климат-бақылау және ауаны залалсыздандыру жүйелерімен, USB-порттармен және 220 В розеткаларымен, Wi-Fi желісімен,биодәретханалармен жабдықталған.

Айта кетейік, 1 сәуірден бастап Ұлытау мен Маңғыстауды жалғайтын тікелей пойыз қатынай бастады.