Жолаушы тасымалдаушылары вагондардағы ақаулықтарды жою жөнінде тапсырма алды

None
АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - Өңірлік көліктік бақылау инспекциялары өткізген тексерістердің нәтижесінде бірқатар тасымалдаушылардың қызметінде тисті талаптарды сақтамау анықталды.

 Бұл жайында ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметтерінде айтылған.

Бұл іс-шаралар көлік ведомствосы басшысының блогына азаматтардан түскен шағымдардың көбейіп кетуіне байланысты ҚР ККМ Көліктік бақылау комитетінің бастамасымен өткізілді.

Анықталған кемшіліктердің негізгілері - жылжымалы құрамның жөнделуі мен техникалық қызмет көрсету сапасының төмендігі, вагондардағы салқындату жүйесіндегі ақаулықтар, санитарлық нормалар мен өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалмауы.

Мұндай бұзушылықтар Алматы - Шымкент бағытында қатынайтын №59/60 жолаушы пойызын тексеру нәтижесінде анықталған. Тасымалдаушысы -«Қазақстандық көліктік топ» ЖШС. Оған 7 вагонда анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нұсқау жолданды.

«Жолаушы тасымалдары» АҚ-ның Қарағанды өңірлік учаскесін тексеру кезінде өртке қарсы белгі беру жүйесі мен желдету жүйесінің істен шыққандығы салдарынан 3 вагон эксплуатациядан шығарылды.

Сонымен қатар, осындай себептермен «Алматы - Астана» бағытындағы №3 және «Петропавл - Алматы» бағытындағы №16 жолаушы пойыздарынан 11 жолаушы вагоны ағытылып тасталды.

Көліктік бақылау комитеті осы бағыттағы жұмысын барлық өңірлерде тұрақты жүргізетін болады. Жолаушы вагондарында ауаны тазарту, желдету, өртке қарсы белгі беру жүйелерінің істен шығуы, сондай-ақ, санитарлық нормалардың орындалмауы анықталған жағдайда тасымалдаушыларға тиісінше шаралар қолданылады.

Ағымдағы жылдың басынан бері көліктік бақылаудың өңіраралық инспекциялары 438 жолаушы пойызын тексерді. Оның қорытындысы бойынша 331 билетсіз жолаушы мен 7,6 тонна ресімделмеген жүк анықталып, олар пойыздан түсірілді.