10:57, 15 Сәуір 2009
Жолаушы ұшақты қондырды
ЛОНДОН-ВАШИНГТОН. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат - Американың Флорида штатында ұшқышы штурвалда отырып көз жұмған екі моторлы ұшақты жолаушылардың бірі қондырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Би-Би-Си телекомпаниясына сілтеме жасап.Күтпеген жерден «ұшқыш» атанған азаматқа қонар кезде авиадиспетчерлер нұсқаулар беріп отырған. Бұл оқиға жексенбі күні, Флориданың Марко аралынан Миссисипи штатындағы Джексон қаласына бара жатқан, бортында 5 жолаушысы бар «King Air» ұшағында болған. Айта кететін жайт, ұшақты аман-есен қондырған жолаушы Дуг Уайттың ұшқыштық лицензиясы болған, бірақ ол тек жеңіл, бірмоторлы ұшақты басқаруға берілген құжат екен. Оқу курсын сонау 1990 жылы бітірген ол, 18 жылдық үзілістен кейін жақында ғана қайта ұша бастаған. Федералдық авиациялық әкімшіліктің ақпараты бойынша, штаттық ұшқыш ұшақ жерден енді көтеріліп, 300 метр биіктікке көтерілген кезде көз жұмған. Оның өлімінің себебі арнайы тексерулерден кейін жария етіледі.