Жолаушылар пойызы жүк пойызымен соқтығысты, 11 адам жараланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жұма күні кешке Германияда жүк пойызы Eurocity жүрдек жолаушылар пойызымен соқтығысқан. Салдарынан ішінде 110-нан астам жолаушы болған екі вагон аударылып қалған.

Бір адамның халі ауыр, тағы 11 адам жеңіл-желпі жарақат алған. Құрбан болғандар жоқ, деп хабарлайды жергілікті өрт күзетінің өкілі. Көптеген жолаушылар қатты үрейленіп қалған, олармен психолог мамандар жұмыстар жүргізуде. Апат жергілікті уақыт бойынша шамамен кешкі сағат 21-00-де Мангейма қаласындағы теміржол вокзалы ғимаратынан 200 метр жерде орын алған. Қазір вокзалдың жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды Росбалт.