Жолаушыларды апаттан аман алып қалған қырағы темір жол қызметкерлері марапатталды - ҚТЖ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күніне орай «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы - «Вагон пайдалану депосы» өз міндетіне жауапкершілікпен қараған еңбеккерлерді марапаттады. Олар пойыздарға техникалық қызмет көрсету кезінде қырағылық көрсетіп, вагонның құйылған арбашасы мен доңғалақ жұптарынан ақаулар тауып, пойыз қозғалысы қауіпсіздігін сақтады, деп хабарлайды «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен.

Қандыағаш вагон депосының вагон қараушысы Айбек Балпейісовтің қырағылығы нәтижесінде «Ташкент-Уфа» бағдарындағы №381 пойыздың доңғалақ жұбынан жарықшақты көріп қалып, жолаушыларды апаттан аман сақтап қалды. Қырағы вагон қараушының ұжымы оны «Құрметті теміржолшы» атағына ұсынды. Соңғы кездері вагон арбашаларында ақаулықтар мен жарықшақтар көп анықталуда. Мәселен, Бурабай шипажайы стансасында вагон қараушы Алексей Кукис №2951 жүк пойызының №51537488 вагонының бүйір жақтаушасынан жарықшақ байқап қалған. Ал Астана стансасында техникалық қызмет көрсетуші Әлібек Аймағамбетов вагонның бүйір жақтаушасының сынғанғын көріп қалды. Осындай қырағы вагоншылар Сергей Войтович, Серік Мананов, Ерқанат Нұрмағамбетов, Михайл Коструб, Арман Нұрмұратов, Сабыр Шағыров, Мейірман Нарегеев «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Осылайша, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы отандық темір жол көлігінің қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш-жігерін жұмсаған жандарды өз дәрежесінде құрметтеді. «Қазіргі таңда жүк вагондарының бүйір жақтаушаларының сынуы жиі кездеседі. Мұндай оқыс оқиға апатты жағдайларға ұрындырады, темір жол инфрақұрылымына залал келтіреді. Жолаушылардың өміріне де аса зор қауіп туады. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында «ҚТЖ» ҰК» АҚ вагон пайдалану департаменті кешенді шараларды жүйелі өткізеді. Сондай-ақ тәжірибелі вагон қараушылардың іс-тәжірибесі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ында алдыңғы қатарлы озық әдістеме ретінде таратылып отырады. Қыс айлары қауіпті болғандықтан, ҚТЖ 2014 жылғы қараша мен 2015 жылғы наурыз аралығында «Сақ болыңыз: бүйір жақтаушасы!» ерекше қадағалау кестесін енгізді», делінген хабарламада.