Жолаушыларды тасымалдау саласында кейбір мемлекеттік функциялар бәсекелестік ортаға беріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың соңына дейін жолаушыларды тасымалдау саласында кейбір мемлекеттік функциялар бәсекелестік ортаға беріледі. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылдың соңына дейін отандық өндірістің автобустарын сатып алу үшін жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында 500 бірлікке өңірлердің автобус паркін жаңарту; жолаушыларды тасымалдау саласында кейбір мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру; тасымалдау және рұқсат құжаттарын электронды форматқа ауыстыру, янғи көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін енгізу арқылы жолдама парақ, тауар-көлік жүк құжатын электронды форматқа көшіру; елімізде қалалық жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру жүргізіледі», - деді министр.

Оның атап өтуінше, халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын отандық тасымалдаушыларын қолдау жүргізіледі. Техникалық байқаудың ақпараттық жүйесін жетілдіру, техникалық байқау операторларының жауапкершілігін күшейту, заңнамалық түзетулер енгізу де жоспарланған.

«Сонымен қатар, техникалық байқауды ашу процедураларын жеңілдету жалған техникалық байқаудың пайда болуына ықпал етті. Бұзушылықтарды болдырмау үшін біз мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жол картасын әзірледік. Жол картасы техникалық байқау мен бақылау-профилактикалық іс-шаралардың бірыңғай ақпараттық жүйесін заңнамалық қамтамасыз етуді, жетілдіруді көздейді. Бұл шаралар барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздік жағдайына оң әсер ететініне сенімдімін», - деді Бейбіт Атамқұлов.