Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында аталмыш Комитеттің төрағасы Әділет Бәрменқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ә.Бәрменқұловтың атап көрсеткеніндей, екі аптаның ішінде жүйелі емес жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын 1958 автобус тексерілді. Оның 467-сінде түрлі құқық бұзушылықтар анықталып, жалпы сомасы 1 миллион 804 мың теңгеге айыппұлдар салынды.
«Акцияның қорытындысы жолаушылар тасымалындағы жағдай бұның алдындағы тексеріспен салыстырғанда нашарлағанын көрсетіп отыр. Себебі, осы жолы тексерілген әрбір 4-інші автобуста құқық бұзушылықтар анықталды. Құқық бұзушылықтардың ішінде көлік жүргізушілерімен еңбек және демалу тәртібінің сақталмауы, автобустардың қызмет мерзімінің 15 жылдан асып кетуі, жолаушылар автобустарының жүк тасуға лайықтап қайта жарақтандырылуы және жылдамдықты 150 шақырым/сағатқа дейін асыру фактілері бар», дейді ол.
Комитет төрағасы, тексеріс нәтижесі елде жолаушылар тасымалын қадағалауды ұйымдастырудың жүйесі әлі де ретке келтірілмегенін көрсетіп отырғанын және құқық бұзушылықтардың орын алуына автобус жүргізушілерінің біліктіліктерінің төмен болуы себепті екенін қадап айтты.
Оның пайымдауынша, бұл кемшіліктерді жою үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Мәселен, жолаушыларды тасымалдаумен айналысуға лицензиялауды қайта енгізу, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар - әкімдіктермен, тасымалдаумен айналысу үшін тиісті жағдайларды жасау, яғни жүйелі емес жолаушылар тасымалына арналған арнайы алаңдарды құру, апатты шоғырлану орындарын жою және автобустарға арналған айыппұл тұрақтарын салу мәселелерін жіті пысықтау қажет. ҚР ККМ КБК бұл проблемаларды еңсеру мақсатында аумақтық әкімдіктермен меморандумдар жасауды көздеп отыр.
Бүгінде «Жолаушылар тасымалымен айналысуды лицензиялау туралы» заң жобасы Сенаттың қарауында жатыр. Болжам бойынша, заң жобасы 2010 жылдың басынан бастап күшіне еніп, лицензиялау бағасы 3 айлық есептік көрсеткішті құрайтын болады.